Курсы НБ РК на сегодня, 29.03.2024
RUB 4.86 (0.00)
EUR 483.46 (-3.48)
USD 448.15 (-1.43)

Тролльмен қалай сөйлесеміз?


Ең алдымен «тролль» дегеннің не екенін анықтап алайық. Бұл сөздің тамыры тереңде жатыр. Тролль - Скандинав аңыздарының ең танымал мифтік кейіпкері - зұлым ергежей, жын.

«Интернет тролль» әлеуметтік желімен бірге өмірге келді. Оның мұндағы миссиясы да –тұқырту, түңілту, тура жолдан тайдыру.

«Тролльді тамақтандырма» деген түсінік бар. Don't feed the trolls! Тамақ беру - провокациялық комментарийлерге жауап беру деген сөз. Неғұрлым көп жауап қатсаң, тролль семіреді міс. Бірақ ақылы троллингтің пайда болуы бұл теорияны да теріске шығарып жатыр. Бүгінгі тролльдерге Сіздің жауабыңыз түк те емес. Енді қайттік?

Ақшаға жұмыс істейтін «кәсіби тролльдер» интернеттегі құдды бір агрессивті топ секілді. Олар белгілі бір елдерге, нәсіл, діни көзқарас, қауымдастық, адамдарға қарсы. Негізгі жұмысы - ірі БАҚ сайттары, танымал блог, атақты адамдардың парақшаларына кіріп, комментарийлерді үйіп-төгу. Олар даттайды да, жақтайды. Тілі тұрпайы, ұрысып-керістіру үшін боғауыз сөздерден де тайынбайды. Немесе керісінше, әдемілеп мақтап, қарсы шыққанды жерден алып, жерге салады. Бұл белсенділердің жазғанын оқып отырып, шынында-ақ «қоғам осылай ойлайды екен-ау» деп қаласың. Тролльдердің арбауына түсіп жатқандардың тізімінде қарапайым пайдаланушылар ғана емес, белді саясаткер, журналистер де көп.

ТРОЛЛЬДІ ҚАЛАЙ ТАНИМЫН?

Оларды парақшаларынан байқауға болады. Әдетте тролльдердің достары аз, жеке суреттері мен посттары жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДА ТРОЛЛЬ ФАБРИКАСЫ БАР МА?

Қазақстан Интернет Ассоциациясының президенті Шавкат Сабиров елімізде автоматтандырылған боттардың армиясының барына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, Қазақстанда ақшаға комментарий жазатын шамамен 15-тен астам ықпалды топ бар. Олар тапсырыспен жұмыс істейді: клиенттің позитивті имиджін қалыптастыру үшін аты айтылған ақпараттың ізімен мақтап комментарий жазады, немесе керісінше жамандай береді. Сөйтіп сенгіш халықтың пікірін өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал Ұлтаралық қақтығыс пен дінараздықты тудыруда АҚШ-тың тролльдері ешкімге дес бермейді.

Тролльдерді байқасаңыз не істеген жөн?

1. Сайттың немесе әлеуметтік желінің әкімшісіне дереу хабарлаңыз.

2. Өзгелердің көңілін аударту. Мәселен, комментарийде «ерекше юзерлердің» жүргенін жазыңыз.

3. Интернет айтыс агрессияға толып кетсе де, күмәнданып қалмаңыз. Сіздің көзқарасыңыздың өзгергені біреуге керек болуы мүмкін.

Тролльмен әңгіме-дүкен құрмас бұрын, оны «бан»-ға жібермес бұрын, көз жеткіз: расымен тролль ме?

Көз жеткізсеңіз, төмендегі ережелерге құлақ түргейсіз:

Ең қарапайым тәсілдің бірі - тролльдің хатын өшіріп, тролльға бан жасау қажет. Егер тролль өзге адамның тарапына шабуылдаса, оған назар аудармаңыз. Сіз танымал тұлға болмасаңыз және сізде оқырман аз болса бұл әрекетіңізді ешкім де байқамайды. Тролльға ең бастысы өзгенің назарын аудару қажет. Ал сіз бұған жол бермеңіз.

Егер сіз танымал тұлға болсаңыз, онда тіптен оңай. Өз оқырмандарыңызға тролльмен күресуді тапсырыңыз, осымен барлығы шешіледі. Сіз белгілі бір компанияның өкілі болсаңыз, негативті пікірді бірден өшіріп тастамаңыз. Ол жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Оның орнына құрметпен, сабырмен сөйлесіңіз. Тролль сіздің жеке бас мәселеңізге өтіп жатса да, провоакцияға жол бермеңіз. Бастысы тролльмен сөз таластырмайтыныңызды көрсетіңіз. Тролльді тамақтандырмаңыз, сонда ол аштан өледі.