ҚР ҰБ курстары, 25.11.2024
RUB 4.85 (0.00)
EUR 519.72 (0.00)
USD 498.34 (0.00)

Мектепке дейінгі білім беру дегеніміз не?

Мектепке дейінгі білім беру – бұл үш пен жеті жас аралығындағы баланы оқыту, дамыту, тәрбиелеу, қарау және күту. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мақсаты  осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті алғашқы білім, білік және дағдыларды қалыптастыру болып табылады.  Жеті жасқа дейінгі балалар бірдеңені шындап үйрену үшін тым кішкентай болып көрінеді, алайда жете дайындалуынсыз балаға кейіннен мектепте оқу қиын болады.    

Мектепке дейінгі мекемелердегі сабақтардың мектептегі сабақтардан айырмашылығы  айтарлықтай. Кішкентай балалар  бір орнында 

қырық-қырық бес минут отыра алмайды. Сондықтан балабақшаларда және даму орталықтарында сабақтар әдеттегідей қысқа, олардың ұзақтылығы отыз минуттан аспайды.   

Білім балаларға ойын түрінде ұсынылады, мектеп жасына дейінгі баланың ойын арқылы сабаққа көңілін аударуға оңай. Ойын түрінде қажетті дағдылар қалыптап, олар ойын барысында пысықталады.  Бұл ретте оқытушылар мектепте оқығанда керек болатын дағдыларды қалыптастыруға ерекше назар аударады.   

Мектепке дейінгі тәрбие  мен оқытудың жалпыға бірдей оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт негізінде әзірленеді. Олардың негізінде мемлекеттік және мемлекеттік емес мектепке дейінгі балалар мекемелерінде 2-3 жас аралығындағы балаларды 6-7 жасқа дейін мектепке дейін тәрбиелеу және оқыту  жүргізіледі.  Балдырғанға мәдениет негіздерін, сондай-ақ жалпыға бірдей қабылданған  тәртіп  және қарым -қатынас  үлгілерін мектепке дейінгі жаста дарыту  өте маңызды, бұл оның  кейіннен бастапқы мектепте  бейімделуін едәуір жеңілдетеді.  Мектепке дейінгі тәрбие  және оқыту арқылы бала өзі және өз мүмкіндіктері туралы бастапқы түсініктерді алады, онда  қоршаған ортаның толық бейнесі және оған деген  дұрыс көзқарасы қалыптасады. Мектепке дейінгі жаста баланың  зияткерлік, адамгершілік,  эстетикалық  және дене тұрқы мен жеке басы қасиеттерінің негізі салынады.

Оқыту мен тәрбиенің екінші бөлігі – мектепке даярлау – 4-5 жастан басталады, бұл кезде баланың бастауыш  оқу, жазу, есептеу дағдылары қалыптасады,  тіл арқылы қатынасу тәжірибесі дамиды. Бұл мектепке дейінгі мекеме түрі 6-7 жсатағы балалардың негізгі бөлігін қамтиды.  

Балабақшаларды балалар  жастық топтарға бөлінеді: ерте жастағы топ – 1 жастан 2 жасқа дейін; бірінші кіші топ – 2 жастан 3 жасқа дейін; екінші кіші топ   – 3 жастан 4 жасқа дейін; ортанғы – 4 жастан 5 жасқа дейін; мектепке дейінгі топтар: ересектер тобы – 5 жастан  6 жасқа дейінгі  және  мектепалды даярлық тобы – 6 жастан 7 жасқа дейінгі балалар.

Қазіргі сәтте көптеген мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар бар. Жеке балабақшаға баланы қысқа мерзімде орналастыруға болады, ал  мемлекеттік балабақшаға орналастыру үшін баланы  туған сәттен бастап жалпы кезекке қою қажет. Электронды үкімет порталында баланы балабақшаға кезекке қоюға және кезектің санын қарап шығуға болады.

Балаларды мектепке дейінгі мекемелерде оқыту оларға күш-қуатын жетлдіруге, білімқұмар, белсенді, эмоциялық қайырымды болуға, қарым қатынас құралдарын және үлкендермен және  құрдастарымен өзара іс-қимыл әдістерін меңгеруге, мектепте оқу үшін қажетті дағдыларды меңгеруге  көмектеседі.   

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны әртүрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы кіріктіру жолдарымен іске асырылатын: "Денсаулық", "Коммуникация", "Таным", "Шығармашылық", "Әлеуметтік орта" бес білім беру саласына негізделген.  

"Денсаулық" білім беру саласы.

"Денсаулық" білім беру саласы дене бітімі қасиеттерін дамытуды; негізгі қимыл түрлерін жетілдіруді; қимыл дағдыларын қалыптастыруды; қимыл ойындарының түрлерін ұйымдастыруды және өткізуді; спорттық жаттығуларды орындауды (шанамен, шаңғымен сырғанау, велосипед тебу, жүзу); спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және басқалар) элементтерімен танысуды қамтиды.

"Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және балалардың қимыл-қозғалыс тәжірибесін негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы байытуға; шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін пайдалана отырып, тәрбиеленушілердің қимыл белсенділігіне сұраныстарын жетілдіруге бағытталған.

"Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:

  •      дене шынықтыру;
  •      қауіпсіз мінез-құлық негіздері.

"Коммуникация" білім беру саласы.

"Коммуникация" білім беру саласы балалар әрекетінің әртүрлі нысандары мен түрлерінде ауызша және байланыстырып сөйлеуді, шығармашылық сөйлеу әрекетін дамытуды; тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді; белсенді сөздікті байытуды, тілдің грамматикалық жағын қалыптастыруды, балалар әдебиетімен таныстықты дамытуды, мәнерлеп оқуды және мазмұндауды; мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды.

"Коммуникация" білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін араласу дағдыларын дамытуға; зейінділікке, сөйлеуге, балалар әдебиетіне қызықтыруға бағытталған.

"Коммуникация" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

  • сөйлеуді дамыту;
  • көркем әдебиет;
  • сауат ашу негіздері;
  • қазақ (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және шет тілдерінің бірі;
  • драма.

"Таным" білім беру саласы.

"Таным" білім беру саласы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруды: жиынтық туралы түсініктерді, сандық есептеу дағдыларын жетілдіруді, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар және конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен маусымдық құбылыстар, өсімдіктер туралы білімін кеңейтуді, қазақ және басқа халықтардың әлеуметтік-мәдени құндылықтары, дәстүрлері мен мерекелері туралы, адамдардың ортақ мекені ретінде Жер планетасы, оның табиғатының ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейтуді қамтиды.

"Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

  • қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, бөбек жасы топтарында (1 жастан 3 жасқа дейін) – сенсорика;
  • құрастыру;
  • жаратылыстану.

"Шығармашылық" білім беру саласы.

"Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу; мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсінуді дамытуды, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды; өнер түрлері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыруды; музыканы, отандық композиторлардың шығармаларын, ұлттық музыкалық аспаптарды, көркем әдебиетті, фольклорды қабылдауды; көркем шығармалардың кейіпкерлеріне жанашырлықты ынталандыруды; балалардың өзіндік шығармашылық қызметін іске асыруын қамтиды.

"Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

  •       сурет салу;
  •       мүсіндеу;
  •       аппликация;
  •       музыка.

"Әлеумет" білім беру саласы.

"Әлеумет" білім беру саласы қоғамда өзін ұстаудың адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді, баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін; дербес болуын, өзінің қылықтарына жауап беруін, өзінің қимылдарының мақсаттылығы мен реттеуді; адамгершілік қасиеттерін: елгезектікті, жанашырлықты, өзінің туыстары мен жақындарына құрметпен қарауды, өзінің отбасын жақсы көруін дамытуды; салт-дәстүрлерді сақтауды, тарихты, қазақ халқының тұрмысын білуді және құрметтеуді; Қазақстан біздің ортақ үйіміз екені туралы түсініктерін кеңейтуді, сондай-ақ басқа халықтардың мәдениетін, дәстүрлерін құрметтеуді; еңбек пен шығармашылықтың әртүрлі түрлеріне қызығушылықтарын қалыптастыруды; тұрмыста, қоғамда және табиғатта қауіпсіз мінез-құлық негіздерін тәрбиелеуді қамтиды.

"Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

  • өзін-өзі тану;
  • қоршаған ортамен танысу;
  • экология негіздері.

Балаларды тәрбиелеу мен оқыту деңгейлерін қадағалау баланың жасына сәйкес жетістіктерінің мониторингі негізінде жүзеге асырылады:

  • 1-деңгей – бала белгілі бір қимыл мен біліктерді жаңғырта алады;
  • 2-деңгей – бала не істеп жатқанын түсінеді, белгілі білім қорына ие;
  • 3-деңгей – бала өзінің білетінін және жасай алатынын қолданады, білімін өз бетінше және шығармашылықпен қолдана алады.

Индикаторлар көрсеткіш ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке дамуын жоспарлауға негіз болып табылады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерудің мерзімі – 5 (6) жыл. Жас және топтық кезеңдері мынадай:

  1. бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:
  • ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);
  • кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);
  1. мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 (7) жасқа дейін:
  • мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);
  • мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);
  • мектепке дейінгі естияр жас – 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін – мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы, 6 жастан 7 жасқа дейін – жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы).

Тәрбиеленушілер мен білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғарғы шекті көлемі, ұйымдастырылған оқу қызметінің ұзақтығы баланың денсаулығы мен психикасын қорғау мақсатында енгізіледі.

Ұйымдастырылған оқу қызметінің ұзақтығы:

  • ерте жастағы балалар үшін – 7-15 минут;
  • мектепке дейінгі орта жастағы балалар үшін – 15-20 минут;
  • мектепке дейінгі естияр жастағы балалар үшін – 25-30 минутты құрайды.