ҚР ҰБ курстары, 31.10.2024
RUB 5.04 (-0.03)
EUR 529.19 (-2.09)
USD 488.45 (-3.25)

Мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізілді

Алматыда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пәннің таныстырылымы өтті. Жаңа пәнді 10-11 сынып оқушылары оқитын болады. Ересек сынып оқушыларын кәсіпкерлік қырларына баулитын аталмыш пән 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан мектептерінің барлығында 10-сыныптан бастап енгізілмек. 

«2017-2018 жылдарда Қазақстанның 17 өңірінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері»  пәнін оқытатын ілкі мектептердің тізімі жасалған болатын. Алматыда Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия жаңа пәнді сынақтан өткізді. Қанатқақты пән оқушылардың кәсіпкерлік әліппесін меңгеруіне септігін тигізді. Оқушылар бірнеше бизнес-жобаны  сәтті қорғап, жүлделі орындар да алып үлгерді», - дейді білім ошағының директоры Эльмира Бидайбаева. 

Жаңа пәнді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынып отыр. «2019 жылы кез келген 10-сынып оқушысы осы пәнді таңдай алады. Яғни, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері»   ерікті пәндер қатарына жатқызылып отыр. Оқу бағдарламасында ол аптасына 2 рет, жалпы саны 68 сағат беріледі. Пәннің өзі теориялық және практикалық сабақтардан тұрады. Жаңа пән оқушылардың бизнеске икемін арттырып, экономикалық терминдерді біліп өсуіне, бизнес саласындағы құқықтық негіздерді еркін меңгеруіне бағытталады», - дейді Алматы қаласы бойынша кәсіпкерлер палатасының  адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Әлия Нұрышева. Барлық құқықтар сақталған. Материалды көшіріп бассаңыз https://turkystan.kz/article/81051-mektep-ba-darlamasyna-zha-a-p-n-engizildi гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз.